Бірінші орта салмақта өнер көрсететін өзбекстандық боксшы Исраил Мадримов (10–2–1, 7 KO) ресейлік Бахрам Муртазалиевпен (23–0, 17 KO) жекпе-жек өткізгісі келеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бокс шолушысы Лэнс Пагмайр таратқан ақпаратқа сәйкес, қазір Мадримов мұрнының жарақаты мен Теренс Кроуфорд және Верджил Ортиспен өткен жекпе-жектерінен кейінгі өзге де жарақаттарынан сауығып жатыр. Жоспар бойынша өзбекстандық спортшы бір-екі аралық кездесу өткізіп, кейін IBF нұсқасы бойынша бірінші орта салмақтағы қазіргі әлем чемпионы Бахрам Муртазалиевке қарсы титулдық айқасқа шыққысы келеді.
Муртазалиев өзінің рекорды мен жекпе-жек жүргізу мәнерінің арқасында салмақ дәрежесіндегі ең қауіпті және көпшілік айналып өтетін қарсыластардың бірі саналады.
Айта кетейік, Исраил Мадримов әуесқойлар арасында 2017 жылы Азия чемпионы атанып, 2018 жылы Джакартада өткен Жазғы Азия ойындарында алтын жеңіп алған.