Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ішімдікпен қиындықтары барын ашық айтты, деп хабарлайды Vesti.kz спортшының әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.
Қазақстандық боксшының айтуынша, 2016 жылғы Олимпиададағы жеңісінен кейін оның ішкілікке деген әуестігі пайда болып, уақыт өте келе тәуелділікке ұласқан. Елеусінов мәселенің қаншалықты күрделі болғанын бірден түсінбегенін айтып, мұндай жағдайлар адамның үстінен күлуге себеп болмауы керек екенін атап өтті.
"Иә, мойындаймын, Олимпиададан кейін менде ішкілікке, маскүнемдікке деген бейімділік, әуестік пайда болды. Оның қалайша ауруға айналғанын білмеймін. Бірақ бұл күлетін нәрсе емес.
Қазір адамдар күледі, бірдеңе айтады. Бұл жағдай өздерінің басынан өтпейінше, олар түсінбейді. Кезінде мен де жас кезімде күлгенмін. Бірақ бұрын күлген адамның басына да осындай жағдай келуі мүмкін", - деді спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Боксшы мұндай мәлімдемесіне қоғам тарапынан қандай реакция болуы мүмкін екенін де түсінетінін айтты.
Оның сөзінше, көпшілік бұл жағдайды ерік-жігердің әлсіздігімен байланыстыруы мүмкін. Алайда Данияр мұны өзінің жеке сынағы ретінде қабылдайды.
"Әрине, қазақ халқы мұндай мойындауымды түсінбеуі мүмкін. "Қалай бұлай айтуға болады? Ерік-жігерің қайда?" - деуі мүмкін. Бірақ адамның ерік-жігері қанша мықты болса да, Жаратушы Алла мені дәл осы нәрсемен сынап жатыр.
Мен әлем чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы атандым - мұның бәрін жеңіп алуым керек болды. Ал менің сынағым - осы. Басқа адамдардың өз сынақтары бар", - деді Елеусинов.
Жарнама