2027 жылдың сәуір айында Астана қаласында World Boxing ұйымының ұымдастыруымен бокстан әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Аталған турнир 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына жолдама беретін алғашқы іріктеу кезеңі болмақ.
Бокстан ӘЧ-2027 Барыс Арена кешенінде ұйымдастырылады.
Турнирде Олимпиадаға берілетін 44 тікелей жолдама сарапқа салынады. Оның 22 данасы ерлерге, 22 данасы әйелдерге арналған.
Жекпе-жектер ерлер арасындағы жеті және әйелдер арасындағы жеті салмақ дәрежесінде қатар өтеді.
Жақында World Boxing президенті Геннадий Головкин бастаған ұйым делегациясы Қазақстан астанасына ресми сапармен келді. Сапар аясында делегация Жеңіс Қасымбекпен кездесіп, әлем чемпионатын өткізуге дайындық мәселелерін талқылады.
Тараптар турнирді ұйымдастырудың негізгі бағыттарын қарастырып, көпфункционалды спорт кешенінің мүмкіндіктерімен танысты.
Бұған дейін Халықаралық Олимпиада комитеті 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына арналған іріктеу жүйесін бекіткен болатын.
Олимпиадада жалпы саны 248 боксшы бақ сынайды - 124 ер адам және 124 әйел.
Іріктеу кезеңі 2027 жылы Астанадағы әлем чемпионатынан басталады. Одан кейін 2027-2028 жылдары бес құрлықтық іріктеу турнирі өтеді. Ал іріктеу екі әлемдік квалификациялық турнирмен аяқталады.
Сонымен қатар, World Boxing Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарындағы бокс турнирін өткізуге де жауапты болады.
Олимпиададағы салмақ дәрежелері
Ерлер:
55 келіге дейін
60 келі
65 келі
70 келі
80 келі
90 келі
90 келіден жоғары
Әйелдер:
51 келіге дейін
54 келі
57 келі
60 келі
65 келі
70 келі
75 келіден жоғары
World Boxing ұйымы 2023 жылдың сәуір айында құрылған.
2024 жылдың мамырында ұйым Халықаралық Олимпиада комитетіпен алғашқы ресми кездесу өткізді.
Ал 2025 жылдың ақпанында Олимпиада қозғалысындағы халықаралық федерация ретінде уақытша мойындауға ие болды.
Өткен жылдың қарашасында Геннадий Головкин ресми түрде ұйым президенті болып сайланды.
Осылайша, ол халықаралық спорт федерациясын басқарған алғашқы қазақстандық атанды.
Айта кетейік, 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 14-30 шілде аралығында Лос-Анджелес қаласында өтеді.
Жарнама