Бокстан Қазақстан құрамасы Сербия астанасынан жүлделі оралды. Команда қоржынында екі алтын, екі күміс және бір қола медаль бар. Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов бірінші орын иеленсе, Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржан күміс және капитан Абылайхан Жүсіпов үшінші орыннан көрінді. Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеген белгілі бапкер Тұрсынғали Еділов Белградтағы біріншіліктен кейін пікір білдірді.
"Қазақстан құрамасы үшін әлем чемпионаты сәтті өтті. Бапкерлік штаб ауысқан соң нәтиже де көріне бастады. Осы жарыстан кейін елімізде қосалқы құрамның жігіттері де мықты екендігін көрсетті. Мысалы 33 жасында Теміртас Жүсіпов алтын иегері атанды. Жарысқа алып барған бапкері де мықты. Спортшының бағын ашты. Жалпы алғанда көбіне жас жігіттер барды. Олимпиададан кейін біздің боксшыларымыз бір қадам алға жүрді. Әрине Сабырхан сынды боксшыларға тәжірибе жетіспеді. Жас жігіттер ғой. Алтынға басты үміткерлердің арасында Абылайхан Жүсіпов еді. Жапондық қарсыласынан мықты болды. Бірақ Жүсіповтың көзінде от болмады. Оның үстіне Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаты бір жылда өтіп жатыр. Спортшылар шаршайды. Біз Абылайханнан алтын күтіп едік. Жалпы алғанда Сербиядағы әлем чемпионатынан кейін, Олимпиадаға алаңдамай қарайтын құрам бар екеніне көз жетті. Ауыр салмақтың өкілдеріне әлі де болса тәжірибе керек", – дейді маман Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы тәуелсіз ел ретінде 1993 жылдан бастап әлем чемпионаттарына үздіксіз қатысып келеді. Осы уақыт аралығында 15 әлем біріншілігінде сынға түсіп, 51 медаль жиынтығын алды. Оның ішінде 14 алтын, 15 күміс және 22 қола бар.