Ресейлік кәсіпқой боксшы Евгений Тищенко (9-1, 6 КО) қазақстандық Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (57-1-2, 39 КО) трилогиясына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
"Бұл трилогияда фаворит сөзсіз "Канело". Себебі ол қарсыласына қарағанда анағұрлым жас. Оның үстіне Альварес соңғы айқасындағы жеңілісінен кейін бүкіл әлемге өзінің мықты екендігін дәлелдегісі келеді. Соңғы 7 жылда "Канело" ешқандай қарсыластан қаймықпай бәрімен қолғап түйістіріп шықты. Тіпті ешкім танымайтын Дмитрий Биволмен де жұдырықтасқаны үшін алғыс айтуға болады. Себебі ресейлік боксшы фаворит саналған еді. Ал Бивол өз кезегінде Мексика қабыланын жеңуге болатынын көрсетті. Головкин болса 40 жасқа келді. Қанша дегенімен орта салмақта осыншама жаста жоғары деңгейде өнер көрсету оңай емес. Осы уақытта көп қаржыға кенелді. Сондықтан денсаулығын ойлап, үлкен спорттан кеткені дұрыс", - дейді Тищенко.
Еске салайық, Головкин мен Альварес жекпе-жегі 17 қыркүйек күні Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтеді.
Ал Евгений Тищенко 2016 жылы Рио Олимпиадасының финалында қазақстандық Василий Левитті ұпай санымен жеңді. Алайда залға жиналған жанкүйерлер төрешілердің бағасына көңілі толмай біразға дейін наразы болған еді.
Левит пен Тищенко айқасынан кейін Халықаралық Олимпиада комитеті арнайы жиналыс өткізіп, алдағы жылдары боксты Олимпиада ойындарынан алып тастау туралы мәселені көтерді.