Жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Данияр Елеусінов (13-0, 8 KO) АҚШ-та өткен бокс кешінде сенімді жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Вашингтон қаласында өткен бокс кешінде Елеусіновтің қарсыласы тәжірибелі филиппиндік Джеймс Бэкон (26-6, 17 KO) болды. Сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жек екінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды.
Бұл жеңіс Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы 13-ші, ал уақытынан бұрын аяқталған 8-ші жекпе-жегі. Бэкон болса 6-рет жеңіліп отыр және 3-ші рет нокаутпен, сонымен қоса, оның карьерасында 26 жеңіс бар.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов әуесқойда 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, сондай-ақ, 2013 және 2015 жылдардағы Азия чемпионатының екі мәрте жеңімпазы атанған.
Бұған дейін де осы бокс кешінде ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Иван Дычко (15-0, 14 KO) қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді.