Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов (13-0, 8 KO) IBA Nomad лигасында өзбекстандық Шохжахон Эргашевпен (26-2, 23 KO) жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Екі спортшының арасында бұған дейін әлеуметтік желіде ашық жанжал туындаған еді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Промоушеннің баспасөз қызметі Елеусіновтің мәлімдемесін жариялады. Онда қазақстандық боксшы Өзбекстан боксшысымен кәсіпқой рингте кездескісі келетінін мәлімдеп, өзінің шартын да айтты.
"Ақыры сол жақтан екен, маған осы сайқымазақты беріңдер. Басқа келісімшарттарға түкіргенім бар, мен жекпе-жекке шығамын. Бастысы қажетті сомманы төлеңдер", - деп береді Елеусіновтің сөзін IBA Nomad.
Бұған дейін Эргашев IBA Nomad лигасы оған қазақстандық Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс жасағанын айтқан еді. Өзбекстандық боксшы бұл ұсынысқа бірден келіскенін мәлімдеді.
"IBA Nomad лигасынан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен жұдырықтасу туралы ұсыныс түсті. Мен бірден келістім. Егер ол Олимпиада чемпионы болса, онда мен онымен жұдырықтасамын", - деп береді Эргашевтің сөзін Nomadfighting.
Бұған жауап ретінде Елеусінов өзбекстандық боксшының бұған дейін онымен жұдырықтасудан бас тартқанын еске салды. Қазақстандықтың пікірінше, қазір қарсыласы оның келісімшарттық міндеттемелері бар екенін білгендіктен, жекпе-жек туралы қаттырақ сөйлей бастапты.
"Басында ол менімен жекпе-жекке шықпайтынын айтқан. Енді менің шаршы алаңға шыға алмайтынымды біліп, айқайлап жүр... Өйткені менің Zuffa компаниясымен келісімшартым бар", - деп жазды Елеусінов Instagram Stories парақшасында.
Кейін боксшы бұл жазбасын өшіріп тастады.
Елеусінов пен Эргашев соңғы жекпе-жектерін қашан өткізді?Елеусінов бір жылдан астам уақыттан бері рингке шыққан жоқ. Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 19 шілдесінде АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткізіп, екінші раундта филиппиндік Джеймс Бэконды техникалық нокаутпен жеңген.
Ал Эргашев 25 шілдеде Ташкентте ресейлік боксшы Марк Урвановты нокаутқа түсірді.