"Ол Головкиннің басты жауы". АҚШ-та GGG-дің болашағы мен орта салмақтағы дәрежесі туралы айтылды

Геннадий Головкин. Фото: DAZN©

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин әлі де орта салмақтағы үздіктер көшінде. Бұл туралы Vesti.kz тілшісімен әңгіме барысында Delcotimes.com сайтының редакторы Джек МакКаферри айтты. Маман алдағы жекпе-жектер мен қазақстандық спортшының басты қарсыласы туралы да айтып берді. Сонымен қатар ол DAZN бойынша орта салмақтағы үздіктер рейтингінде Головкин америкалық Джермалл Чарлодан кейінгі екінші орында тұрғанын айтты. 

"Головкиннің келесі қадамдары туралы ақпарат мүлде аз. Қазақстандықтың командасы Мурата мен Чарло сынды боксшылармен жолды қалай түйістіруге болатынын таппай жатқан болуы да мүмкін. Андраде соңғы жеңісінен кейін Головкинмен кездесуге дайын екенін, бірақ кездесудің жақын арада болғанын қаламайтынын айтқан еді. Жанкүйерлер үлкен жекпе-жектер күтуде. Оның Деревянченкомен болған кездесуі мен Шереметаны сабап тастауы өз кезегінде "драма" болды. Ол қазір белсендірек болуы тиіс.

Оның DAZN-мен келісімшарты бойынша әлі өтеуі керек бірнеше жекпе-жегі бар. Ел арасында Головкиннің командасы келісімге келуден қашқақтауда деген қауесет бар. Бірақ меніңше ол келісімдер бос әңгіме. Ол титулдарды біріктіріп, "Канеломен" қайта кездескісі келеді. Бұл туралы GGG үнемі айтып жүреді.

Мен DAZN рейтингімен келіспеймін. Головкин әлі де орта салмақта үздік. Алайда оның басты қарсыласы - уақыт. Оған қазір лайықты қарсылас тауып, жанкүйерлерді қанағаттандыру қажет" -дейді МакКаферри.

Естеріңізге сала кетейік, 39 жастағы Головкин DAZN және Эдди Хирнмен келісімі бойынша әлі төрт жекпе-жек өткізуі тиіс. Қазақстандық спортшы өткен жылдың желтоқсанында Камил Шереметаны жеңгеннен кейін әлі шаршы алаңға шыққан жоқ. Өз кезегінде Головкинмен жекпе-жекке шығуға Джермалл Чарло, Деметриус Андраде және Хайме Мунгия ниетті екенін білдірген.

Жаңалықтар