Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 KO) орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша толыққанды әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуі мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz.
19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында Нұрсұлтанов америкалық кіші Хесус Рамоспен (24-1, 19 KO) кездеседі. Бұл жекпе-жекте орта салмақтағы WBC-дің уақытша чемпионы атағы сарапқа салынады.
WBC жоспарыБүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейманның айтуынша, бұл жекпе-жектің жеңімпазы кейін дивизионның толыққанды чемпионы, доминикандық Карлос Адамеспен (25-1-1, 18 KO) жұдырықтасады.
"WBC президенті Маурисио Сулейман кіші Рамос мен Нұрсұлтанов арасындағы жекпе-жектің жеңімпазына келесі жекпе-жегін орта салмақтағы WBC-дің толыққанды әлем чемпионы Карлос Адамеске қарсы өткізу міндеттелетінін ашық мәлімдеді", – деп жазады Boxingscene.
Мейірім Нұрсұлтанов соңғы жекпе-жегін 2023 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткізіп, чилилік Хулио Аламосты (16-3, 9 KO) төрешілердің шешімімен жеңген.
Ал Хесус Рамос-кіші шаршы алаңға соңғы рет өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында шығып, отандасы Шейн Мозли-кішіді (23-5, 13 KO) төрешілер шешімімен жеңді.