Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) пен америкалық кіші Хесус Рамос (24-1, 19 КО) арасындағы титулдық жекпе-жек өтпейтін болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Америкалықтың "кесірінен" болды
BoxingScene мәліметінше, орта салмақта WBC-дің уақытша чемпионы атағы сарапқа салынатын жекпе-жек 19 қыркүйекте АҚШ-та өтуі керек болған. Алайда жоспарланған кездесуге бір күн қалғанда оның болмайтыны белгілі болды.
Дереккөз мәліметінше, WBC-дің уақытша чемпионы кіші Рамос ауырып қалған. Оның сырқатына тамақтан улану себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Осыған байланысты оның Нұрсұлтановқа қарсы титулын қорғауы өтпейді.
WBC титулы сарапқа салынуы керек еді
Жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы орта салмақтағы WBC-дің толыққанды әлем чемпионы атағына міндетті үміткер мәртебесін алуы керек еді. Қазір бұл белбеу доминиканалық Карлос Адаместе (25-1-1, 18 КО).
32 жастағы Нұрсұлтанов үшін бұл жекпе-жек ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы айқас болуы керек еді. Қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылы Ташкентте рингке шығып, чилилік Хулио Аламосты (16-3, 9 КО) төрешілер шешімімен жеңген.
Жарнама