Қазақстан құрамасының көшбасшысы Нұрбек Оралбай Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан беделді Boxam Elite–2026 турнирінде бірінші айқасын өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
85 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ширек финалында ол украиналық Данило Жасанмен кездесті. Жасан – 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Үш раунд нәтижесі бойынша төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Нұрбек Оралбайға берді. Осылайша, қазақстандық боксшы жартылай финалға жолдама алды және турнирдің қола жүлдесін кепілді түрде иеленіп отыр.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Қазақстан ерлер құрамасының жалғыз жүлдегері болды. Сонымен қатар, ол 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдесі мен 2023 жылғы әлем чемпионатының алтынын алған.