Қазақстандық боксшы Бексұлтан Боранбек 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы бокстан Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Жастар арасындағы әлем чемпионы құрлық біріншілігін сәтті бастады. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында ол Оңтүстік Корея боксшысы Уджу Жангпен кездесті.
Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында толық басымдық танытып, барлық үш раундта қарсыласынан басым түсті. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті Бексұлтанға беріп, ол Азия чемпионатының жартылай финалына өтті.
Осылайша, қазақстандық боксшы кем дегенде қола жүлдеге жетіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрзат Оңғаров ширек финалда Азия чемпионатының күміс жүлдегері, жапониялық Дайчи Иваяға төрешілердің бөлек шешімімен есе жіберді.
Айта кетейік, бүгін шаршы алаңға Қазақстан құрамасының тағы бес боксшысы шығады. Олардың екеуі күндізгі, ал үшеуі Қазақстан уақытымен сағат 15:00-де басталатын кешкі сессияда өнер көрсетеді.