Лондонда өткен бокс кешінің басты айқасында жергілікті ауыр салмақтағы боксшылар "Сыған патшасы" Тайсон Фьюри (33-0-1, 24 КО) мен "Соғыс" лақап атты Дерек Чисора (33-13, 23 КО) үшінші жекпе-жектерін өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
12 раундқа есептелген жекпе-жек бір жақты өтіп, 10-раундта аяқталды. Төреші әбден таяқ жеген Чисораның жағдайына қарап, кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен Фьюри WBC белбеуін қорғап қалды.
Бұған дейін боксшылар 2011 және 2014 жылдар жұдырықтасқан. Біріншісінде Тайсон төрешілер шешімімен басым түссе, екіншісінде мерзімінен бұрын жеңді.
Енді Фьюри украиналық Олександр Усикпен ауыр салмақтағы абсолют чемпиоон атағын сарапқа салуы мүмкін.