Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбай Астанада өткен Әлем кубогі кезеңінде рингке жарақатпен шыққан, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл туралы Алматы құрамасының аға бапкері Долкунжан Камеков мәлімдеді.
"Біздің рингте өткен кезең - командамыз үшін жақсы сынақ болды. Әрине, бәрі мінсіз өтті дей алмаймыз, бірақ, ең бастысы - біз спортшылардың әлеуетін көрдік.
Назым жеңіл жарақатына қарамастан финалға дейін жетіп, ең жоғары деңгейдегі техника мен тактикалық шеберлікті көрсетті. Ол нағыз жігер мен мінез танытып, өз салмағындағы үздік спортшы екенін тағы бір дәлелдеді", – деп келтіреді Камековтың сөзін Алматы қалалық бокс федерациясының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Назым Қызайбай Астанадағы турнирде 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын жеңіп алды.
Назым - 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, сондай-ақ, үш дүркін әлем чемпионы (2014, 2016, 2025) және 2021 жылғы Азия чемпионы.
Жарнама