"Мұндай оқыс жағдайларға дайынмын". Дәурен Елеусінов алдағы жекпе-жек туралы

Сурет: Өмірбек Сансызбай

10 шілдеде Алматының "Балуан Шолақ" спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтеді. МТК Global Kazakhstan менеджерлік компаниясы ұйымдастырып жатқан турнирде Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтың ағасы Дәурен Елеусінов (8-1, КО 7) те бар. Алғашында Дәуреннің қарсыласы Михаил Коханчик болған. Алайда осыдан бір ай бұрын Михаил көшеде белгісіз біреулердің қолынан пышақталып, ауруханаға түскені жайлы жазғанбыз. Осыған орай Дәурен тағы бір отандасымыз Арман Рысбекпен (7-1, КО 7) жұдырықтасады.

- Дәурен алғашында қарсыласыңыз Михаил Коханчик болған. Дегенмен белгілі себептермен Михаил жекпе-жекке шыға алмайды. Жалпы кездесу басталмай тұрып қарсыласыңыздың ауысқанын қалай қабылдадыңыз?

- Шынымды айтсам, ондай оқыс жағдайларға әбден үйреніп қалғам. Кезінде Америкада жүргенімде қарсыластарым ай сайын өзгеретін. Салмағымды қуып, жаңа қарсыласымды енді зерттей бастағанда тағы басқасына ауысатын. Сөйтіп жүргенде жекпе-жек мүлде өтпей қалатын. Сондықтан мұндай жағдайға дайынмын. Ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпын.

- Қарсыласыңыз Арман жайлы не айтасыз?

- Арманды бұрыннан танимын. Стилін жақсы білемін. Екеуміз әр жылдары ринг төрінде екі рет кездескенбіз. Әзірге есеп 1:1.


Сурет: Өмірбек Сансызбай