Бірінші орта салмақта өнер көрсететін америкалық боксшы кіші Хесус Рамос (23-1, 19 КО) қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 КО) арасындағы титул біріктіретін айқасқа болжамын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Орта салмақта WBO, IBF және WBA чемпиондық белбеулері сарапқа салынатын бұл кездесу 6 желтоқсанда АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында өтеді.
Ромостың ойынша, бұл айқаста Лара жеңеді, өйткені кубалық боксшының тәжірибесі әлдеқайда мол."Бұл жекпе-жекке нақты болжам жасау қиын, бірақ, бүйрегім Лараға бұрып тұр. Ол баяғыдан бері жұдырықтасып келеді, Канеломен де айқасты. Мен оны көптен бері бақылап келемін. Соңғы уақытта оның стилі мені қатты таңғалдырды. Жасы ұлғайған сайын соққыларына көбірек күш салып, әсерлі нокауттармен жеңіске жетіп жүр.
Бірақ Жәнібек те мықты боксшы. Тек бір гәп бар - ол әлі үлкен сынақтардан өткен жоқ. Ал Лара Канеломен, Джарретт Хёрдпен айқасты, сол шайқастардан сүрінбей өтті. Соңғы кездесуінде Дэнни Гарсияны жеңді. Мұндай тәжірибені жоққа шығаруға болмайды. Менің ойымша, бұл оған артықшылық береді. Мен Лараны таңдаймын. Ол кеште Лара рингтен үш белбеумен кетеді деп сенемін. Ол мені әлі де таңғалдыруда", - деді Рамос The SchuZ Show бағдарламасына берген сұхбатында.
42 жастағы Лара соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың қыркүйегінде өткізіп, екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпион америкалық Дэнни Гарсияны (37-4, 21 КО) нокаутпен жеңген болатын.