Бокс
Бүгін 10:50

Мексика сарапшылары Әлімханұлына Канеломен айқасқа шығу шартын атады

©Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мексикалық сарапшылар қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 КО) бокс жұлдызы Сауль "Канело" Альвареспен (63-3-2, 39 КО) жекпе-жек өткізу ықтималына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Әлімханұлы WBO титулын иеленуі керек

El Sureste мәліметінше, Әлімханұлы алдымен екінші орта салмақта бос тұрған WBO титулын жеңіп алып, содан кейін Альвареспен чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегін өткізуді көздеп отыр.

Бұл белбеу британиялық Хамза Шираздың оны қорғаудан бас тартқанынан кейін бос қалды. Нәтижесінде WBO Әлімханұлы мен жеңіліп көрмеген даниялық Джейкоб Бэнкке (20-0, 11 КО) чемпиондық титул үшін жекпе-жек өткізу жөнінде келіссөз жүргізуді тапсырды. Тараптар 7 қазанға дейін келісімге келуі керек. Олай болмаған жағдайда ұйым промоутерлік сауда тағайындайды.

"Әлімханұлының Канелоны жекпе-жекке шақыруы кей жанкүйерлердің қызығушылығын тудырды. Алайда ол белбеуге ие болып, мексикалықпен кездесуі үшін бірнеше шарт қатар орындалуы қажет", - деп атап өтті Мексикадағы сарапшылар.

Альвареспен жекпе-жек өткізу үшін не қажет?

Мексикалық басылым атап өткендей, бірінші шарт - Әлімханұлының WBO титулы үшін жекпе-жекте жеңіске жетуі. Осыдан кейін қазақстандық боксшы 31 қазанда Альварестің франциялық Кристиан М'Биллиге (29-0-1, 24 КО) қарсы айқасының нәтижесін күтуі керек. Бұл кездесуде WBC титулы сарапқа салынады.

Сонымен қатар екі боксшының да чемпиондық белбеулерді иеленуі біріктіру жекпе-жегінің өтетініне кепілдік бермейді. Тараптарға жекпе-жектің өзін өткізу жөнінде келісу қажет болады.

Еске салайық, Әлімханұлы бұған дейін орта салмақтағы WBO титулына иелік еткен. Алайда жазда екінші орта салмақ дәрежесіне көтеріліп, белбеуді босатты. Қазір дәл осы салмақта Альварес өнер көрсетіп жүр.

Бұған дейін Әлімханұлы WBO титулы үшін жекпе-жекке қатысты мәлімдеме жасап, Бэнкпен кездесуі Ұлыбританияның Уэльс елінде Энтони Джошуа мен Тайсон Фьюри арасындағы жекпе-жектің андеркардында өтуі мүмкін екенін айтқан болатын.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport