Жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан әлем чемпионатында жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерін қандай әдіспен жеңгені туралы айтып берді, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
20 жастағы боксшымыз Белградтағы әлем чемпионатының бірінші айналымында 2017 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері кореялық Ин Го Киммен кездесіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
- Қарсыласым бойшаң боксшы. Сондықтан да маған ара-қашықтықты бұзып, жақын дистанцияда жұдырықтасу керектігін айтты. Мен шаршы алаңға шығып, бапкерлердің айтқанын толық орындап шықтым. Келесі қарсыласым шотландиялық боксшы болады. Ол бүгін ресейлік боксшыны жеңді. Дайындаламыз. Техникамен жеңіп шығуға тырысамын, - деді Махмұд.
- Сенің агрессивті жұдырықтасуыңа жанкүйерлер үйреніп қалды. Мұндай тәсілді қарсыласқа қарай таңдайсың ба?
- Бүгінгі қарсыласымның бойы ұзын болды дедім ғой. Маған бапкерлер осылай жұдырықтасу керектігін айтты. Барлығы жоспар бойынша өтті.
Енді келесі айналымда Махмұд Сабырхан шотландиялық Мэттью МакХэйлмен кездеседі. Бұл боксшы бірінші айналымда ресейлік Курбан Байранбековтен айласын асырды.