Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов "СПОРТ МИНИСТРІ" YouTube арнасына берген сұхбатында Таиландта өткен Азия чемпионатының нәтижесін қайта қарауға түрткі болған оқиға туралы айтып берді.
Алтын үшін жекпе-жекте өзбекстандық боксшы ереже бұзған еді:Еске салайық, финалда Абылайды өзбекстандық Хавасбек Асадуллаев тістеп алған болатын. Бұл ереже бұзуды төреші елемеді. Алайда кейін Қазақстан бокс федерациясы аппеляция беріп, ASBC өзбекстандық боксшыны шеттетіп, 71 келіде Жүсіповке алтынды береді.
"Былай ешқай жерде айтылмаған нәрсе ғой, сіздерге айтып берейін. Жекпе-жектен кейін бірден жақындарыңа хабарласасың ғой, әкеме, анама. Келіншегіме хабарласып, фото түсіріп жібердім да, міне тістеп алды, ертеңгі күні ойлап қалма, Таиландта қыдырғаннан емес деп. Сосын марапаттауға кетіп қалдым.
Сосын қонақ үйге келгесін, келіншегім сұрады суретті сториске салсам бола ма деп. Мен айттым сала бер, жақындарынан басқа кім көреді деген оймен. Сөйтсем ол Өзбекстан бокс федерациясын белгілеп салып жіберген. Содан оны Айбек Оралбай капитан ғой, скрин жасап, Шахмұрат ағаға жіберген. Шахмұрат аға наразылық жазып жолдапты, менімен жеке кездесіп, біраз сөйлестік. Ол кісі сөзінде тұрды. Осыдан кейін ол кісіні одан сайын құрметтей бастадым", - дейді Жүсіпов.