Бокс
Бүгін 12:10

Құраманың экс капитаны карьерасын аяқтады ма: боксшының өзі жауап берді

©ҚБФ

Қазақстандық әлем чемпионы Асыланбек Шымбергенов рингке оралу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны 2024 жылдың соңынан бері жарақатына байланысты шаршы алаңға шыққан жоқ. Шымбергеновтің айтуынша, қазір ол ем қабылдап, денсаулығын қалыпқа келтірумен айналысып жүр.

"Қазір ештеңе айта алмаймын. Жарақаттарым бар еді, соны емдеп жүрмін. Денсаулығыма қараймын. Құрамаға ораламын ба, жоқ па – әзірге белгісіз. Карьерамды аяқтадым деп нақты айта алмаймын. Мүмкін аяқтаған шығармын, мүмкін жалғастыратын шығармын", - деді Шымбергенов Sport12.kz-ке берген сұхбатында.


Асыланбек Шымбергенов - 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Сонымен қатар, ол 2022 жылғы Азия чемпионы және Қазақстанның екі дүркін чемпионы (2014, 2017) атанған.

Боксшы 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының капитаны болды.

Бұдан бөлек, ол Astana Arlans құрамында 2015 және 2017 жылдары Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) екі дүркін чемпионы атанды.

Сондай-ақ, Шымбергенов 2015 жылы Оңтүстік Кореяда және 2019 жылы Қытайда өткен Әлемдік әскери ойындардың жеңімпазы болған. Бұған қоса, 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері әрі 2022 жылғы Азия ойындарының қола жүлдесін иеленген.

Асыланбектің соңғы ресми жекпе-жегі 2024 жылдың шілдесінде өтті. Сол кезде ол Олимпиада ойындарының алғашқы айналымында иорданиялық Зейяд Ишаишке күтпеген жерден жеңіліп қалған еді.

Париж Олимпиадасынан кейін денсаулығына байланысты үзіліс алған боксшы кейін Қазақстан құрамасындағы орнынан айырылды.
 
 
 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport