Бокстан Қазақстан чемпионы Владислава Кухта ресми түрде Венгрия азаматтығын алды, деп жазады Vesti.kz. Бұл туралы спортшының өзі Instagram желісі арқылы хабарлады.
"Ресми - мен Венгрия азаматымын!
Демек мен халықаралық жарыстарда Венгрия атынан өнер көрсете аламын. Олимпиадаға бару арманымды орындаған Венгрия билігі мен өзімнің Halker-Kiraly Team клубына алғыс айтамын.
Шынын айтсам, ішім алай-дүлей. Бұл мен үшін үлкен қадам. Бір мезетте қуаныштымын және көңілім де құлазып тұр. Өйткені Қазақстан мен үшін әрдайым сүйікті отаным болып қалады.
Тағдырым не жазылғанын білмеймін, бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін жасап, мақсатыма жетуге тырысамын!", - деп жазыпты ол Instagram желісінде.
Венгрияның бокс федерациясы 2022 жылы Владислава мен оның бапкері Акзам Барлыбаевты шақырған болатын, алайда ол кезде Кухта мен бапкер ұсыныстан бас тартқан. Олар Қазақстан құрамасына қосылуға үмітті еді.
Қазіргі таңда Кухта Венгрия чемпионатына қатысып үлгерді де, ел чемпионы атанды.
Владислава 57 келіде 2020 мен 2022 жылдары Қазақстан чемпионы болған. Сонымен қоса, 2021 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.