Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (24–1, 17 KO) америкалық Теренс Кроуфордтың (42–0, 31 KO) карьерасын аяқтау туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін Кроуфорд бокстан кететінін ресми түрде жариялады. Осыған жауап ретінде Батыр Жүкембаев Instagram парақшасында әсерлі әрі жүректен шыққан жазба жариялады.
"Бүгін рингтен аңыз кетті. Менің спорт жолымда осындай адаммен жолығып, бір командада болғаныма шын жүректен қуанамын. Қасында жүріп, оның адами қасиеттерін ғана емес, нағыз чемпионға тән мінезін, тәртібін және өз ісіне деген шексіз адалдығын көрдім.
Ол - жай ғана чемпион емес, ең алдымен адамгершілігімен, қарапайымдылығымен үлгі бола білген нағыз жақсы адам. Осындай тұлғамен бір залда тер төгу - мен үшін үлкен мектеп, ұмытылмас тәжірибе болды", - деп жазды Жүкембаев Кроуфордпен бірге түскен ортақ суреттерін жариялай отырып.
Жарнама