Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Дамир Буданбеков Астанада өткен World Boxing ұйымының Әлем кубогі кезеңіндегі Айбек пен Нұрбек Оралбайдың өнеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Екі боксшы да финалға дейін жетті, бірақ, екеуі екі түрлі нәтиже көрсетті.
"Нұрбек шаршаған. Орысша мұны "переутомление" дейді. Оның шаршағанын көздерінен-ақ білуге болады. Соңғы кезде көп жарысқа шықпады, мұның да әсері бар. Нұрбек әлі жиналады деп ойлаймын.
Айбекке келер болсақ, аса ауыр салмақта сенімді жұдырықтасу үшін оған әлі де пісу керек. Жетілу керек. Масса жинағаны көрініп тұр. Олимпиадаға дейін үш жыл бар, бәрі реттеледі", - деді Буданбеков Sportbugin порталына берген сұхбатында.
Еске салайық, Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта алтын жеңіп алды. Оның егізі, 2024 жылғы Олимпиаданың жүлдегері Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі финалда франциялық Иожерлен Сезардан сенсациялық түрде жеңілді.
Кайрат Сәтжанов баптаған ұлттық құрама Астанада өткен турнирде сегіз алтын, төрт күміс және төрт қола жеңіп алды. Бұл нәтижелер Қазақстан құрамасына жалпы жүлделік есепте көш басына шығуға мүмкіндік берді.
Жарнама