Бокс
3 маусым 2021 21:54

"Көңілім толмады, енді бар үміт Олимпиадада". Ғалым Кенжебаев даулы шешімдер болған Азия чемпионаты жайлы

Ғалым Кенжебаев. Сурет: ҚБФ

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Азия чемпионатынан елге оралды. Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен сары құрылық додасында отандық былғары қолғап шеберлері алтынсыз қалғаны мәлім. Осы орайда құрама бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында өткен жарысқа көңілі толмайтынын айтты.

- Ғалымбек Қалиұлы, Азия чемпионатында финалға жолдама алған боксшылардың бірде біреуі алтынға іліге алмады. Осы орайда пікіріңізді білдіре кетсеңіз.

- Әрине Азия чемпионатында алтын алмаған соң көңілім толмайды. Енді бұйырса Олимпиада ойындарына дайындаламыз. Жіберген қателіктерімізді түзейміз. Токиоға дейін Алматыда екі рет оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, артынша күншығыс еліне аттанамыз. Қазақстан Бокс федерациясына алғыс айтқым келеді. Көрсеткен нәтижемізге қарамастан бапкерлер мен жігіттерге қолдау көрсетті. Мотивация берді. Сіздерге сенеміз деген жылы лебіздерін білдіріп жатты. Сонымен қатар ҰОК (Ұлттық Олимпиада Комитеті), Спорт министрлігінің өкілдері, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев сынды бокс ардагерлері жігіттердің қасынан табылып, үлкен жеңістері әлі алда екенін айтты.

- Бокс мамандарының пікірінше қоржында кем дегенде екі алтын болуы тиіс еді деп жатыр. Осы орайда ұлттық құраманың бас бапкері ретінде қандай баға бересіз?

- Өкінішке қарай бұйырғаны осы болды. Алтын алу үшін әлі де көп жұмыс істеу керек. Жігіттеріміз әсіресе физикалық әлеуетін арттыруы тиіс. Бұйырса үлкен жеңістеріміз әлі алда.

Еске салайық, Қазақстан ұлттық құрамасы БАӘ өткен Азия біріншілігінде 5 күміс, 1 қола жүлде иеленіп жалпыкомандалық есепте төртінші орынға табан тіреді. Олардың арасында 49 келіге дейінгілер Даниял Сәбит, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келі салмақ дәрежесінде Әбілхан Аманқұл, 91 келіде Василий Левит, 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев күміспен күптелсе, Сәкен Бибосынов 52 келі салмақта қоланы қанағат тұтты. 5 алтын, 1 күміс және 3 қола еншілеген көршілес өзбек командасы жалпы есепте көш бастады.