"Кім мықты екенін рингте көреміз". Қазақстандық Азия чемпионы 17 нокауты бар қарсыласпен айқас жайлы

Сурет: iSport.ua

Қазақстандық былғары қолғап шебері Тұрсынбай Құлахмет (3-0, 2КО) Англияның Манчестер қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. 10-шілде MTK Global Kazakhstan менеджерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтетін бокс кешінде ол украиналық Станислав Скороходпен (20-2, 17КО) кездесу өткізеді. Қазақстан құрамасының бұрынғы боксшысы Vesti.kz сайтына арнайы дайындығы туралы айтып берді.

- Тұрсынбай, жақында қарсыласыңыздың есімі белгілі болды. Алматыдағы бокс кешіне дайындықты қалай өткізіп жатырсыз?

- Дайындық жақсы өтуде. Бір жарым айдан бері Манчестерде жаттығу өткізіп жатырмын. Осы уақыт аралығында жергілікті боксшылармен 4-5 спарринг өткіздім. Бокс кешіне бір апта қалғанда Алматыға барамыз деп жоспарлап отырмыз. Негізгі дайындықты оңтүстік астанада пысықтаймыз. Қарсыласымды осал дей алмаймын. Әлемдік рейтингте биік сатыда тұрған былғары қолғап шеберлерінің бірі. Америка мен Канадада біраз жекпе-жек кештерінде жоғары деңгейде өнер көрсеткен. Амандық болса кімнің мықты екенін ринг төрінде анықтайтын боламыз.

- Әлі де болса әуесқой бокста биік белестерді бағындыруыңызға болар еді. Алайда кәсіпқой спортқа түбегейлі ауыстыңыз. Токиодағы Жазғы Ойындарға баратын жігіттерге не тілейсіз?

- Ұлттық құрамада бірнеше жыл ел намысын қорғадым. Жігіттердің барлығын жақсы танимын. Әлі күнге дейін байланыстамыз. Бұйырса боксшыларымызға Олимпиада ойындарында сәттілік тілеймін. Әр жекпе-жегінің жеңілдігін тілеймін. Көп медаль алып, жалпы командалық есепте бірінші орын алуын нәсіп етсін.

Еске салсақ, Тұрсынбай Құлахмет 2019 жылы Азия чемпионы және сол жылы әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған. Былтыр боксшы кәсіпқой боксқа түбегейлі ауысқанын жариялаған болатын.

Показать комментарии