Бокс
10 шілде 2021 11:00

"Кезекті жекпе-жек қана". Арман Рысбек қазақстандық боксшылармен жұдырықтасу жайлы

Арман Рысбек. Сурет: Vesti.kz©

Бүгін Алматыда MTK Global компаниясының ұйымдастыруымен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтеді, деп хабарлайды Vesti.kz. Жекпе-жектердің бірінде екі қазақстандық Арман Рысбек (7-1, КО 6) пен Дәурен Елеусінов (8-1, КО 7) жұдырықтасады. 

Мұның алдында Дәурен Елеусіновтің пікірін бергенбіз, осы ретте оған қарсылас атанып отырған Арманның сұхбатын ұсынып отырмыз. 

- Арман, күтпеген жерден жекпе-жекке шығып жатырсыз? Ұсынысты қалай қабылдадыңыз?

- Осыдан шамамен бір ай бұрын промоутер Жалғас Төкешов хабарласып, Максим Коханчиктің орнына Дәурен Елеусіновпен шығасың ба деді. Бірден келісім бердім. Шынымды айтсам, жекпе-жекті өзім де күтіп жүргем. Өзімді формада ұстап тұру үшін онсыз да күнделікті жаттығу жасайтынмын. Ұсынысты қабылдай сала жаттығуымды күшейттім. Қазіргі таңда бабыма толыққанды келдім деп айта аламын.

- Кәсіпқой рингте отандық боксшылармен жұдырықтасу мәселесіне көзқарасыңыз қандай?

- Бұл мәселеге оң көзбен қараймын. Оның үстіне Дәуренді бұрыннан жақсы танимын. Осыған дейін рингте жолдарымыз түйіскен. Мүмкіндік бар кезде осындай турнирлерге қатысып, рейтингімізді көтермесек уақыт өтіп бара жатыр. Белбеуге таласатын жекпе-жек болса ойлануға болады. Ал бұл кезекті рейтингті кездесу.

Еске салсақ, MTK Global Kazakhstan менеджерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтетін бокс кешінде Дәурен Елеусіновтың қарсыласы Михаил Коханчикті бір ай бұрын көшеде белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Бүгінгі таңда Михаилдың жағдайы бір қалыпты. Бапкерінің айтуынша Коханчик жыл соңына қарай үлкен спортқа оралуы мүмкін.