Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатқан 19 және 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілі Құралай Егінбайқызы күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Финалда Өзбекстан боксшысымен жұдырықтасты
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Құралай Егінбайқызы Өзбекстан құрамасының боксшысы Рухшона Парпиевамен қолғап түйістірді.
Жекпе-жек үш раундқа созылды. Кездесу барысында бастама қарсылас боксшының жағында болды. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан 5:0 есебімен өзбекстандық спортшыға берді.
Осылайша, Егінбайқызы Азия чемпионатын күміс жүлдемен аяқтады.
Бұрымдылар құрамасы жарысты аяқтады
Бұл Қазақстан қыздар құрамасының турнирдегі соңғы жекпе-жегі болды. Ертең, 16 шілдеде ерлер арасындағы финалдық кездесулер өтеді.
Бұған дейін 70 келіге дейінгі салмақта Камила Оспанова финалда Өзбекстан өкілі Мафтуна Янгиеваны жеңіп, Азия чемпионы атанған болатын. Ал 80 келіге дейінгі салмақта Айдана Убайдуллақызы Үндістан боксшысы Мега Шеокандтан басым түсті. 48 келіге дейінгі салмақта Гүлназ Бөрібаева Моңғолия боксшысы Содон-Од Биндерияға еш мұмкіндік қалдырмады, 70 келіге дейінгі салмақта Әзиза Исина Өзбекстан боксшысы Райхона Құрбонбаеваны тізе бүктірді.
Ал 51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Анита Әдішева финалда Өзбекстан өкілі Гүлсевар Ғаниеваға есе жіберді. Сондай-ақ Ұлжан Сәрсенбек те финалда өзбекстандық Хуморабону Мамажоноваға жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Еске салайық, 19 және 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионаты 3-16 шілде аралығында Джакартада өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы бұл құрлық додасына екі жас санатындағы ерлер және әйелдер арасындағы жарыстарға барлығы 39 боксшы алып келген еді.
Жарнама