Қазақстандық нокаутшы келесі жекпе-жегін ең жылдам жеңіске жеткен елде өткізбек

Ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой Жан Кособуцкий (13-0, 12 КО) келесі жекпе-жегін Беларусь астанасында өткізетінге ұқсайды. Боксшының өзі қазір Минскіде, ал кездесу 30 шілдеге белгіленген, - деп хабарлайды Vesti.kz.

31 жастағы Кособуцкийдің шілдедегі жекпе-жегі он раундқа есептелген, ал қарсылас әзірге белгісіз. Бұл кездесуде қазақстандық боксшының IBO Inter-Continental белбеуі сарапқа салынуы мүмкін.

Бұл жекпе-жек өтсе Кособуцкий Минскте сегізінші рет жұдырықтасады. 2018 жылы ақпанда қазақстандық боксшы осы елде ең жылдам жеңісіне жеткен - 1 минут 50 секундта. 

Кособуцкий осы айдың басында Германияда жұдырықтасу керек болған, алайда, коронавирусқа қатысты жағдайға байланысты ол кездесу өтпей қалды.

Қазақстандық нокаутшы кәсіпқой карьерасын 2017 жылы қыркүйекте бастап, 13 рет қатарынан жеңіске жетті. Қазақстанның үш дүркін чемпионы Ресей, Беларусь, Украина, Германия және  Араб Әмірліктерінде өнер көрсеткен.