Қазақстандық нокаутшы 17 қарсыласын сұлатқан африкалық "Годзиламен" жекпе-жекке шығады

Жан Кособуцкий. Сурет: flickr.com/leifpm©

Суперауыр салмақтағы нокаутшы Жан Кособуцкийге (14-0, 13 КО) 20 ақпан Гамбургте өтетін титулды жекпе-жекке жаңа қарсылас табылды. Vesti.kz тілшісінің ақпараты бойынша, 32 жастағы қазақстандық WBA International титулы үшін 33 жастағы нигериялық Онориоде Евариемемен (18-1, 17 КО) жұдырықтасады. 

Африкалық боксшы үшін Германиядағы жекпе-жек Еуропадағы алғашқы айқас болмақ. "Годзила" лақап атты Евариеме кәсіпқой карьерасын 2010 жылы Индонезияда бастаған, ал жекпе-жектерінің көбін Гана, Нигерия және Аргентинада өткізген. Америкадағы өткізген жалғыз кездесуінде ол нокаутқа түскен. 

Бастапқыда қазақстандық боксшының қарсыласы 38 жастағы чехиялық Павел Соур (13-3, 8 КО) болу керек еді, алайда, ол коронавирусқа шалдығып, кезедсуден бас тартты. Ал бойы екі метр Евариеме кейінгі рет 2019 жылы желтоқсанда жұдырықтасып, аргентиналық Ариэль Эстебан Бракамонтені (9-6, 5 КО) бірінші раундта сұлатқан.