Бокс
2 маусым 2025 09:45

Қазақстандық кәсіпқойдың IBO титулы үшін Тараздағы айқасы нокаутпен бітті

©instagram.com/angelina_lukas1997

IBO, WBF, WIBF, WBC нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Ангелина Лукас (15-1, 7 KO) туған қаласы Таразда чемпиондық атағын қорғады, деп хабарлайды Vesti.kz.

Жалғыз жеңіліс үшін қарымта қайтарды

Оның қарсыласы Чилиден келген боксшы Даниэла Асенхо (17-5, 2 KO) болды. 2023 жылдың қазан айында Лукас карьерасында алғаш рет және әзірге жалғыз мәрте осы қарсыластан жеңілген еді.

Енді, арада шамамен екі жыл өткен соң, боксшылардың қарымта айқасы Ангелинаның туған жерінде өтті. Бұл жолы қазақстандық боксшы жеңіліс үшін есе қайтара алды - Лукас Асенхоны алты раундта тоқтатты. Жетінші раундқа Даниэла жекпе-жекке шықпай қойды.

Осылайша, Лукас Халықаралық бокс ұйымының (IBO) чемпиондық белбеуін сәтті қорғап, атағын сақтап қалды.

Айта кету керек, Ангелина Лукас — Қазақстан тарихында әлем чемпионы атағын өз елінде қорғаған алғашқы әйел боксшы болып отыр.


Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport