Қазақстандық әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының екінші кезеңіндегі екінші жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында ол Өзбекстан боксшысы Шавкатжон Болтаевпен кездесті. Қарсыласы 2025 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы атанған.
Үш раундқа созылған тартысты айқастың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан (5:0) қазақстандық боксшыға берді.
Осылайша, Абылайхан Жүсіпов турнирдің жартылай финалына жолдама алып, кем дегенде қола жүлдеге кепілді түрде жетіп отыр.
Бұған дейін Әлем кубогының ширек финалында Санжар Тәшкенбай (50 келі) мен Виктория Графеева (60 келі) өз жекпе-жектерінде жеңіске жетіп, жүлдеге кепілдік алған болатын. Ал Лаура Есенгелді (70 келі) жарысты ширек финал кезеңінде аяқтады.