Британиялық бокс шолушысы Тейлор О'Хиггинс осы күндері Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан IBA-ның әлем чемпионатындағы Сабыржан Аккалықовтың бір жекпе-жегі кезіндегі оның әрекетіне баға берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Сабыржан турнирдің 1/16 финалында Сейшель аралдарының боксшысы Джошуа Ааронмен кездесіп, оны 5:0 есебімен жеңді. Бірінші раундта Аккалықовтың қарсыласы нокдаунға түсті.
"Кейбір қазақстандық боксшылар алдамшы финттерді қолдана бастағаны қуантады", – деп жазады О'Хиггинс видео астына.
Еске салайық, Аккалықов 1/4 финалға дейін жетті және бүгін, 10 желтоқсанда Израильден келген Мирослав Капулер-Ищенкомен кездеседі. Бұдан бөлек, тағы тоғыз қазақстандық боксшы рингке шығады.