Бокс
Бүгін 10:21

Қазақстандық боксшының ӘЧ жүлдесі үшін айқасы нокаутпен бітті

©Depositphotos/DmitryNiko

Қазақстандық боксшы Зарина Толыбай Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының ширек финалында нокаутпен жеңіске жетті, жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Vesti.kz.

Жарыстың бесінші күніндегі кешкі сессияда 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Толыбай Тувалу елінің боксшысы Френцис Таафакимен кездесті.

Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы қарсыласын үш рет нокдаунға түсірді. Осыдан кейін төреші екінші раундта кездесуді тоқтатты. Нәтижесінде Толыбай техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Осылайша, қазақстандық боксшы жартылай финалға жолдама алып, әлем чемпионатының кемінде қола жүлдесіне жетіп отыр. Бұл Қазақстан құрамасының осы турнирдегі алғашқы жүлдесі.

Еске салайық, бұған дейін Әділ Асканбай (50 келі) украиналық Михайло Сидоренконы жеңіп, ширек финалға өтті. Ақжүрек Қалабай (65 келі) 1/16 финалда эстондық Александр Живолоупті техникалық нокаутпен жеңсе, Тимур Тайбеков (80 келі) осы кезеңде португалиялық Гонсало Родригесті таза жеңді.

World Boxing ұйымы өткізіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады. Жарыста 69 елден келген 474 спортшы ерлер мен әйелдер арасындағы он салмақ дәрежесінің әрқайсысында жүлде үшін бақ сынап жатыр.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport