Евгений Павлов, Бек Нұрмағанбет, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл секілді қазақстандық боксшылар Top Rank промоутерлік компаниясы ұйымдастыратын бокс кешіне қатысуға үміткерлердің қатарына қосылды, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Инсейдердің ақпараты бойынша, Suleimen Promotion боксшылары ұйымдастырушылардың қызығушылығын тудырыпты. Қазіргі уақытта қазақстандық боксшылардың алдағы шоуларға қатысу мәселесі қаралуда.
Айта кетейік, жоғарыда аталған боксшылар АҚШ-қа бір ай бұрын келді. Олар алдымен бірнеше күні Сан-Диего қаласындағы екінші орта салмақтағы әлемнің абсолют чемпионы Сауль "Канело" Альваресттің жаттығу залында дайындық өткізді. Содан кейін бұл боксшылардың барлығы Top Rank өкілдері дайындалатын Лас-Вегасқа барды.
Биыл жыл басында боксшылардың барлығы алдымен Алматы, Шымкент кейін Мәскеуде (Ресей) дайындалған болатын.
Еске салайық,Top Rank промоутерлік компаниясымен қазақ боксшылары арасында Жәнібек Әлімханұлы жұмыс істейді.