Қазақстандық боксшы Виктория Графеева World Boxing ұйымының Әлем кубогында үшінші рет чемпион атанды. Бұл жолы ол Қытайдың Гуйян қаласында өткен турнирде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды, деп хабарлайды Vesti.kz.
24 жастағы қазақстандық спортшының финалдағы қарсыласы Тайвань боксшысы Линь Юйтин болды. Бұл боксшылар арасындағы алғашқы кездесу еді.
Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жектің қорытындысында төрешілердің шешімімен Виктория Графеева 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Графеева World Boxing Әлем кубогындағы үшінші чемпиондық атағын жеңіп алды. Бұған дейін ол өткен жылдың жазында Астанада өткен кезеңде және биыл сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында ұйымдастырылған жарыста алтын иеленген болатын.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынына Қытайдағы Әлем кубогында екінші алтын жүлде түсті. Бұған дейін 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Назым Қызайбай чемпион атанған еді.