Қазақстандық боксшы Өнер Сейілхан Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан Әлем кубогының жартылай финалына өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Жастар арасындағы әлем чемпионы әрі биылғы Қазақстан чемпионатының финалисі 80 келіге дейінгі салмақта көрсетіп, ширек финалдан сәтті өтті. Жартылай финал жолдамасы сарапқа салынған жекпе-жекте Сейілхан Қырғызстан боксшысы Алмаз Орозбековпен кездесті.
Қазақстандық боксшы қорғаныста сауатты қимылдап, қарсыласының шабуылдарына сәтті жауап берді. Үш раундтың қорытындысы бойынша Өнер төрешілердің ортақ шешімімен таза жеңіске жетті - 5:0.
Жартылай финалда Өнерді өзбекстандық әлем чемпионы Жавохир Умматалиевпен жекпе-жек күтіп тұр.
Бұған дейін Қазақстан құрамасынан Карина Ибрагимова да турнирдің жартылай финалына жолдама алған болатын.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасының екі боксшысы Ташкентте жарыс жолын аяқтады. 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Даниял Сабит ширек финалда және 75 келіде сынға түскен Шұғыла Нәлібай да осы кезеңде жарыс жолынан шығып қалды.
Жарнама