Қазақстандық боксшы Жасмин Абрамян Бангкокта (Таиланд) өтіп жатқан Futures Cup U-19 турнирінің жартылай финалына өте алмады, деп хабарлайды Vesti.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында оның қарсыласы нидерландтық Лиз Тийсен болды.
Алғашқы раундта Нидерланды боксшысы екі рет нокдаунға түсті. Алайда Абрамянның өзіне де төреші нокдаун санады. Бірінші үш минуттық кезеңнің қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебімен алда тұрған еді.
Екінші раундта басымдық Тийсен жағына ауысып, ол кезеңді 3:2 есебімен өз пайдасына шешті. Ал шешуші раундтың басында Абрамян тағы да нокдаунға түсті. Бұл раунд нидерландтық боксшының пайдасына 5:0 есебімен аяқталды.
Осылайша, жекпе-жектің жалпы қорытындысы бойынша Лиз Тийсен төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті - 4:1.