Қазақстандық боксшы Али Ахмедов жартылай ауыр салмақта IBO (Interim) уақытша чемпион атанғаннан кейін алдағы жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Еске салайық, Алматыда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Ахмедов Оңтүстік Африка Республикасының "Жыртқыш" лақап атымен танымал боксшысы Асемахле Веллеманы техникалық нокаутпен жеңген болатын.
Жекпе-жектен кейін Ахмедов алғашқы чемпиондық белбеудің өзі үшін қаншалықты маңызды екенін айтып, дайындық барысына баға берді. Сондай-ақ ол көп жыл бірге жұмыс істеген Геннадий Головкинге алғыс білдіріп, IBO ұйымының толыққанды чемпионы Дмитрий Биволмен кездесуі мүмкін екеніне пікір білдірді.
"Мен Алматының тумасымын. Осы қалада дүниеге келіп, осында өстім. Сондықтан алғашқы чемпиондық белбеуімді туған жерімде, өз жанкүйерлерімнің алдында жеңіп алғаныма ерекше қуаныштымын. Көрермендерді қуанта алғаныма және Алматыға осындай ірі бокс кешін әкелгенімізге ризамын. Біз өте көп еңбек еттік, соның жемісін көріп отырғаныма бақыттымын.
Бұл жекпе-жекке төрт ай дайындалдым. Еткен еңбегіміз еш кеткен жоқ, бәрі жоспарлағанымыздай өтті. Жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтау деген нақты мақсат болған жоқ. Меніңше, мұндай міндетті алдын ала қою дұрыс емес. Біз 12 раундқа есептелген айқасқа дайындалдық. Ұзақ оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Дайындықтың барлығы Қазақстанда өтті, өйткені жекпе-жек те өз елімізде ұйымдастырылды.
Бұл кездесу оңай болмайтынын білдім. Қарсыласым өте мықты, жас әрі қарымды боксшы. Біз қарсылас таңдаған жоқпыз, оны ұйым бекітті.
Геннадий Головкинмен бірге жұмыс істеген жылдары көп нәрсе үйрендім. Бұл тек спортқа қатысты емес. Ол мен үшін үлкен үлгі. Геннадий Геннадиевич – нағыз спортшы, өте тәртіпті, өз ісін жетік меңгерген адам. Оның командасында жүріп, үнемі тәжірибе жинадым және соның нәтижесін қазір көріп отырмын.
Менің мақсатым – тек чемпиондық белбеу. Әйтпесе, бұл жерде не үшін жүрмін? Бивол болса, Бивол болсын. Кімнің қолында чемпиондық белбеу бар немесе титулдарды біріктіруге мүмкіндік берсе, мен кез келгенқарсыласпен жұдырықтасуға дайынмын", – деді Ахмедов.
Жарнама