Қазақстандық боксшы Аман Қонысбеков Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан Boxam Elite турнирінде ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 1/8 финалда ол польшалық Лукаш Зыгуломен жұдырықтасты. Жекпе-жекте төрешілердің ортақ шешімімен қазақстандық боксшы еңіске жетті.
Ширек финалда Аман Қонысбеков Франция боксшысы Хасан Эль-Кадмимен кездеседі.
Айта кетейік, бұған дейін жарыстан Сымбат Әлиасқар (54 кг), Шахназ Исаева (57 кг), Аяжан Ермек (60 кг) және Әсем Таңатар (65 кг) шығып қалды. Бұрымдылар арасында тек Назерке Серік (65 кг) өз қарсыласынан басым түсе алды.
Ерлер құрамасынан Дәулет Молдашев (60 кг) пен Санатәлі Төлтаев (65 кг) жарыстан шығып қалды. Ал Нұрбек Мұрсал (70 кг) нокаутпен жеңіске жетті және Төрехан Сабырхан (70 кг) екеуі келесі кезеңге жолдама алды.
Еске салайық, Boxam Elite турнирі 3–8 ақпан аралығында өтуде. Қазақстан жарысқа ерлер және әйелдер құрамаларымен қатысып отыр. Ерлер арасында 10 салмақ дәрежесінде 18 қазақстандық боксшы бақ сынаса, әйелдер арасында 9 салмақ дәрежесінде 14 боксшы жарысқа келген еді.
Жарнама