Қазақстандық боксшы алдағы әлем чемпионатында құрамаға басты қарсыластарды атады

3 қыркүйек 2019 09:13
Абылайхан Жүсіпов (сол жақта). Сурет: Данияр Майлыбаев©
2017 жылғы Азияның вице-чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов ҚБФ ресми сайтына берген сұхбатында биылғы әлем чемпионатына дайындығы туралы айтып берді.

Ресейдің Екатеринбург қаласында өтетін әлемдік додада Жүсіпов 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Боксшы басты қарсыластарды да атап өтті. 

Әлем чемпионатына дайындалу мақсатындағы оқу-жаттығу жиындарының алғашқы кезеңімізді аяқтап келдік. Тауда таспен жұмыс жасап, жалпы күш жинауға арналған жаттығуларға көп көңіл бөлінді. Жылына екі рет AIBA базасына барып, күшке, жалпы физикалық дайындыққа арналған жаттығулар жасаймыз.

Енді қазіргі уақытта дайындығымыздың екінші кезеңі Елордада басталды. Осы дайындығымыз да ойдағыдай өтіп жатыр. Барлық жігіттер өз бабында. Көңіл күйіміз жақсы. Жігіттердің әлем чемпионатына қойған мақсаттары бар. Сол себепті жақсы нәтижемен қайтамыз деген ойдамын. Менің мақсатым - тек биік белестерді бағындырып, биіктерден көріну.

Қазіргі кезде барлық мемлекеттер бәсекеге сай. Оларды бөліп жара айта алмаймын. Алайда, алдағы Әлем чемпионатында мен үшін басты қарсыластарым Өзбекстан, Ресей, Куба және Англия елдерінің боксшылары.