Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Надежда Рябец әлем чемпионатындағы жекпе-жегінен кейін көз жасына ерік берді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
"Жеңіліп қалғаннан кейін ауызға сөз де түспейді екен. Бірақ бір айтарым, осы салмақтағы (75 келі) соңғы әлем чемпионатым деп айта аламын. Бұдан былай олимпиадалық салмаққа ауысамын. Ол жақта бойы ұзын қарсыластар болмайды. Бәріміз тең дәрежеде қолғап түйістіретін боламыз. Сол кезде сәтін салып жатса алтын медальдарға қол созамын деген ойдамын. Әзірге әлем чемпионатынан тәжірибе жинап жатырмын. Маған қолдау көрсеткен барша ағайын-туысқа алғыс айтамын. Сенімдерін ақтай алмағаным үшін ата-анамнан кешірім сұраймын. Әсіресе бапкерімнен кешірім сұраймын. Барлығына рақмет айтамын", - деп ағынан жарылды Рябец.
Еске салайық, Түркиядағы жаһан біріншілігінде отандасымыз алғашқы айқасында түркиялық Бусра Ишилдарға есе жіберді.