Қазақстандық боксшы Наталья Богданова 2025 жылғы әлем чемпионатының ширек финалдық жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 1/4 финалда отандасымыз түрік боксшысы Сема Чалышканмен жұдырықтасты.
Бірінші раунд қорытындысы бойынша төрешілер Богдановаға басымдық берді — 4:1. Екінші үш минуттықта қазақстандық боксшы тіптен сенімді өнер көрсетіп, қарсыласын нокдаунға түсірді (5:0). Үшінші раунд та Богданованың пайдасына шешілді - 5:0.
Төрешілер шешімімен эекпе-жек Наталья Богданованың жеңісімен аяқталды. Енді 13 қыркүйекте өтетін жартылай финалда Богданова Англиялық Шантель Рейдпен кездеседі.
Еске салайық, 1/8 финалда Наталья Үндістан боксшысы Чану Санамачу Тхокчомды жеңген болатын.
Наталья Богданова - 2024 жылғы Азия чемпионы, Ханчжоуда өткен 2022 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері және 2025 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері.