IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Ангелина Лукас (15-1, 7 КО) өте жеңіл салмақта абсолют чемпион Габриэла Фундораны (16-0, 8 КО) жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Америкалық Габриэла Фундораны айқасқа шақырған Лукас оған нақты талап қойды:
"Габриэла Фундора, мен - Ангелина Лукас. Сен мені білесің. Соңғы үш ай бойы мен әлемдік рейтингте үздік екі боксшының қатарындамын. Мен - абсолют чемпион титулының бірінші міндетті үміткерімін. Чемпион ретінде сен бұл жекпе-жекке шығуға міндеттісің.
Мен естідім, сен салмақ ауыстыруды жоспарлап жүр екенсің. Егер солай болса - барлық титулдарыңнан бас тарт. Мен оларды алып, Қазақстанға әкелемін.
Бірақ егер сен нағыз чемпион болсаң, мінезің бар болса - рингке шық. Мен толық дайынмын. Менің промоутерім келіссөздерге ашық. Біз күтіп отырмыз.
Габриэла, кім екеніңді дәлелде. Жауап бер. Қазақша, орысша немесе ағылшынша - бәрібір. Жауабыңды күтемін", - деп жазды Лукас.
Еске салайық, биыл 1 маусым күні Тараз қаласында Ангелина Лукас IBO титулын сәтті қорғаған болатын. Ол кезде қарсыласы чилилік Даниэла Асенхо (17-5, 2 KO) жетінші раундта жекпе-жектен бас тартты.
Енді қазақстандық спортшы абсолют чемпион атағы үшін жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеп отыр. Оның ықтимал қарсыласы небәрі 22 жаста төрт бірдей басты белбеудің (WBC, WBA, WBO, IBF) иегері атанып отырған алғашқы бұрымды америкалық Габриэла Фундора.
Жарнама