Кәсіпқой бокста әлемнің абсолют чемпионы Наталья Рагозина Алматыда болып қайтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Қарағанды облысындағы Абай қаласының тумасы карьерасын аяқтап, қазіргі таңда Ресейде тұрып жатыр. Қазақстанға сапары жайлы ол әлеуметтік желіде жазба жариялапты.
Еске салайық, 46 жастағы Рагозина кәсіпқойдағы 22 жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жеткен. 2009 жылы карьерасын аяқтаған болатын. Кәсіпқойда "Кувалда" атанып кеткен.
"Менің Қазақстаным қонақжай, мейірбан және қарапайымдылығымен әлемге танымал! Осынша жылдан кейін қаланы қайта көргеніме қуаныштымын. 13 жасымда "Медеуде" жоғары 856, ал төмен - 847 баспалдақ жүгірдім ғой! Бекер жүгірмедім! Жеңіл атлетикадан Азия және Қазақстан чемпионы болдым.
Балалық шақтағы құрбыларыммен Абайға деген сағыныш! Бәрі есімде! Келесі жолы міндетті түрде Қарағандыға барамын! Осында дүниеге келгенімді мақтан тұтамын! Қазақстан - Отаным менің!" - деп жазыпты Рагозина Instagram желісінде.