Қазақстан тумасы мен жеңілмеген өзбек боксшы әлем чемпионы титулы үшін жұдырықтасады

Сергей Липинец. Сурет: Premier Boxing Champions©

Showtime телеарнасы 10 қазан АҚШ-тың Анкасвилл қаласындағы Mohegan Sun аренасында өтетін бокс кеші туралы ресми құлақтандырды.

Шоу аясында бірінші жартылай орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы ресейлік Сергей Липинец (16-1-0, 12 KO) пен өзбекстандық проспект Кудратилло Абдукахоров (17-0-0, 9 KO) жекпе-жекке шығады. Бұл кездесуде жартылай орта салмақтағы IBF тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы титулы сарапқа салынады. Ал жеңімпаз дивизион көшбасшысы Эррол Спенспен (26-0-0, 21 KO). жұдырықтасады.

31 жастағы Липинец рингке соңғы рет былтыр шілдеде шығып, филиппиндік Джаяр Инсонды (18-3-0, 12 KO) екінші раундта нокаутқа түсірген. Ал 26 жастағы Абдукахоров қазан айында бұрынғы әлем чемпионы америкалық Луис Коллазоны (39-8-0, 20 KO) төрешілер шешімімен жеңген. 

Айта кетейік, Липинец Ақтөбе облысындағы Мартұқ ауылында дүниеге келіп, балалық шағы сонда өткен. Мұның алдында ол анасының қазақ екенін айтқан. Кәсіпқой рингке ол Ресей атынан шығады, алайда, америкалық БАҚ оны қазақстандық боксшы деп атайды. Боксқа дейін ол кикбоксингпен айналысып, кәсіпқойлар арасында Ресей және WAKO PRO тұжырымынша әлем чемпионы болған. 

Жаңалықтар