Қазақстан әйелдер құрамасының боксшысы Валерия Аксенова Болгария астанасы Софияда өткен халықаралық "Странджа кубогі" - 2026 турнирінің финалында жеіңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Шешуші жекпе-жекте оның қарсыласы Өзбекстан боксшысы Олтиной Сотимбоева болды. Айқас 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өтіп, төрешілер шешімімен Аксенованың пайдасына аяқталды.
Бірінші раундта 5:0 есебімен Сотимбоева басым түсті. Алайда екінші үш минуттықта қазақстандық боксшы дәл сондай есеппен қарымта қайтарды. Осылайша, алтын жүлденің тағдыры үшінші раундта шешілді. Соңғы кезеңде Валерия Аксенова мықтылығын дәлелдеп, турнир жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды Элина Базарова (54 келі) салған еді. Оның жетістігін Надежда Рябец те қайталады.
Дегенмен, финалдық кездесулерде сәтсіздік те болды: Лаура Есенкелді алтын үшін айқаста өзбекстандық Навбахор Хамидоваға жол беріп, жарысты күміс жүлдемен аяқтады.