Қазақстан әйелдер құрамасы World Boxing ұйымының аясында Қытайдың Гуйян қаласында өтетін бокстан Әлем кубогының екінші кезеңіне қатысатын құрамын анықтады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бас бапкер Елдос Сайдалин жетекшілік ететін команда Қытайға аттанды. Онда қазақстандық боксшылар турнир қарсаңында халықаралық оқу-жаттығу жиынын өткізеді.
Қазақстан құрамасының сапына тоғыз былғары қолғап шебері енді. Олар: Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Элина Базарова, Виктория Графеева, Аида Әбікеева, Лаура Есенгелді, Наталья Богданова, Валерия Аксенова және Дина Исламбекова.
World Boxing ұйымының 2026 жылғы Әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйчжоу провинциясындағы Гуйян қаласында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 54 елi мен аймағынан шамамен 400 спортшы қатысады деп күтілуде. Турнирде ерлер мен әйелдер арасындағы 20 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады.
Еске салайық, Әлем кубогының алғашқы кезеңі сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен болатын. Сол жарыста Назым Қызайбай 1/8 финалда күтпеген жерден жеңіліс тапқан еді.
Ал кезең қорытындысы бойынша Қазақстан әйелдер құрамасы екі алтын жеңіп алды. Виктория Графеева (60 келі) мен Валерия Аксенова (+80 келі) чемпион атанса, Аида Әбікеева күміс жүлдеге ие болды. Ал Алуа Балқыбекова (51 келі) мен Жібек Жарасқызы (80 келі) қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы (2014, 2016, 2025), Азия чемпионы (2021) және 2025 жылы Астанада өткен Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы.
Жарнама