Бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин World Boxing ұйымы аясында өткен алғашқы әлем чемпионатындағы нәтиже мен алдағы жоспарлар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Англияның Ливерпуль қаласында өткен чемпионатта Сайдалиннің шәкірттері жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Әлем чемпионы атанған спортшылар: Алуа Балқыбекова, Аида Әбікенова және Наталья Богданова.
Күміс жүлдені Назым Қызайбай, ал қоланы Виктория Графеева мен Елдана Талипова иеленді.
"Бір жыл ішінде екі әлем чемпионатына қатыстық. Екі турнирде де жақсы нәтиже көрсетіп, ел туын биікте желбіреттік, әнұранды шырқаттық. Жарыс басынан бастап қыздарды қолдаған қазақ еліне үлкен алғысымды айтамын. Жеңсе де, жеңілсе де - барлығы қолдау көрді. Бұл спортшылар біздің емес, қазақ халқының мақтаныштары. Босаңсуға болмайды. Алда Азия ойындары мен Олимпиада. Біз дайындықты жалғастырамыз", – деді Елдос Сайдалин Қазақстан бокс федерациясына берген сұхбатында.
Елдос Сайдалин команда капитанының әсерін және құраманың ауызбіршілігін ерекше атап өтті.
"Біздің командада ауызбіршілік деңгейі өте жоғары. Әйелдер құрамасында ең мықты капитан бар - Назым Қызайбай. Қыздар капитанның соңынан еріп, өздеріне сеніп шықты. Соның арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік. Қатарымызда жаңа әлем чемпионы – Наталья Богданова бар. Сонымен қатар, екі мәрте әлем чемпионы атанған екі спортшымыз бар. Әрине, біз бұл нәтижеге ризамыз. Мұның бәрі бірліктің арқасы: боксшылар, бапкерлер, дәрігерлер, массажист, федерация - барлығының ортақ еңбегі осындай жеңіске жеткізді", – деді Сайдалин.
Сонымен қатар, бас бапкер екі әлем чемпионатына қатысқан бес спортшының демалатынын айтты.
"Бес қызымызға демалыс береміз – олар Қазақстан чемпионатына қатыспайды. Өздеріңіз білесіздер, олар екі әлем чемпионатында және Әлем кубогінде бақ сынады. Енді денсаулығын қалпына келтіріп, жарақаттарын емдеуге уақыт беріледі. Біз оларды келесі жылға дайындаймыз", – деді Елдос Сайдалин.
Жарнама