Қазақстандық бұрымды боксшы Дина Исламбекова Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі жарыста Дина Ирландия боксшысы Лиона Дарсимен кездесті.
Жекпе-жек толықтай Исламбекованың басымдығымен өтті. Кездесу барысында ол қарсыласын бірнеше мәрте ауыр соққыларымен есеңгіретіп, үш рет нокдаунға түсірді. Екінші раундта ирландиялық боксшы төртінші рет нокдаун алғаннан кейін төреші айқасты тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша Дина Исламбекова мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Бұл жеңіс қазақстандық боксшыға турнирдің жартылай финалына жолдама беріп қана қоймай, кемі қола жүлдені қамтамасыз етті.
Финалға шығу үшін Исламбекова жартылай финалда Өзбекстан өкілі Олтиной Сотимбоеваға қарсы рингке шығады.
Айта кетейік, World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында Гуйян қаласында өтіп жатыр. Турнирге әлемнің 44 елінен 333 спортшы қатысуда.
Еске салсақ, Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен алғашқы кезеңде Қазақстан құрамасы жеті жүлде жеңіп алған болатын: үш алтын, бір күміс және үш қола.
Бұған дейін Гуйяндағы турнирдегі алғашқы айқастарында Қазақстан құрамасы сапынан Серік Теміржанов (60 кг), Нұрбек Оралбай (90 кг), Сабыржан Аққалықов (80 кг) және Айбек Оралбай (+90 кг) жеңіске жеткен еді.
Ал әйелдер арасында 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Наталья Богданова жарысты ерте аяқтады.
Жарнама