Қазақстан құрамасының боксшысы Тимур Нұрсейітов Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, келесі айналымға өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 1/8 финалда қазақстандық былғары қолғап шеберіне Ирландия өкілі Тадхг О'Доннелл қарсы тұрды.
Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Тимур Нұрсейітовке берді. Қазақстандық боксшы қарсыласынан төрешілердің бөлек шешімімен басым түсті.
Осылайша, Нұрсейітов турнирдің ширек финалына жолдама алып, жүлде жолындағы күресін жалғастырады.
Айта кетейік, World Boxing ұймдастырған Әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйян қаласында өтуде. Байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік боксшылар қатысып жатыр.
Қазақстан құрамасы бұл турнирде 17 спортшымен өнер көрсетуде. Олардың қатарында тоғыз ер боксшы және сегіз әйел спортшы бар. Барлығы өз салмақ дәрежелерінде жүлде үшін талас жүргізеді.
Жарнама